Ел экономикасында қымбатшылықтың болуына Қазақстанның Еуразия Экономикалық Одағында болуы әсер етіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Экономика ғылымдарының докторы Мейрам Қажыкен елдегі қымбатшылыққа мемлекет басшысынан қатаң сөгіс алған қос министр ғана емес, жалпы елдегі экономика саясаты кінәлі дейді.
«Бүгін сөгіс алған министрлерден бөлек, мұнда жалпы Үкіметтің кінәсі бар. Бұл жердегі мәселе ауыл шаруашылығы немесе сауда-саттық саласында ғана емес қой, мәселенің мәнісі біз ойлағаннан да терең. Премьер-министрдің өзі бұл мәселені шеше алмайды. Олар Ресей мен Беларусь экономикалык саясаттарынан шыға алмай отыр. Біздің Ауыл шаруашылығы министрлігі шаруалар үшін көршілес елдердегідей жағдай жасай алып жатқан жоқ. Сәйкесінше, өз ішімізде бәсеке жоқ. Жалпы алғанда Қазақстанның әлеуеті ТМД-ға тағам өндіруге жетеді», – деді сарапшы.
Маман елдегі қымбатшылық тоқтамаса халықтың наразылығы болуы мүмкін деп санайды.
«Қымбатшылықты тоқтатпасақ халықтың наразылығы қайта болуы мүмкін, қаңтар оқиғасынан сабақ алуымыз керек. Үкіметтің экономикалық моделі жарамсыз. Бағаның шарықтауына мұнайдың тікелей әсері болып тұр. Мұнай олигархтардың қолында, ал оларды картоптың, макаронның бағасы қызықтырмайды. Қазіргі таңда азаматтық қоғам алға шығуы керек, азаматтық қоғам жолға түссе ел экономикасы да, халықтың әл-ауқаты да өседі. Бұдан бөлек, экономикамыздың құлдырауына Ресейдің Украинаға қарсы соғысының, мұнай бағасының әсері бар. Осының салдарынан азық-түлік бағасы да қымбаттайды, бұл экономиканың заңы. ЕАЭО құрамына 2015 кіргелі бері 7 жыл болды, біздің нарықты Ресей мен Беларусь басып келе жатыр. Олар Одақ арқылы өздерінің өндірушілеріне жағдай жасап алса, біз өз нарығымызды жоғалтып алдық. Бізге кіру оңай, ал олардың нарығына біздің өндірушілерді олар кіргізбейді. ЕАЭО бізге қажет емес. Экономикалық тұрғыдан тәуелсіз болу үшін осы Одақтан шығу керекпіз. Ресей мен Белорусиядан кіретін өнімдерге не нарықта кедергі жоқ, не кеденде кедергі жоқ. Біздің отандық өнімді сол елдерге алып барса, стандартқа сәйкес келмейді, сертификат жарамсыз деген сынды түрлі сылтау айтады. Экономикалық саясатты өзгертпесек, он министрді ауыстырсақ та баға тұрақтамайды», – деді Мейрам Қажыкен.