«YNTYMAQ» Партиясы

Биылғы 20 сәуірдегі «YNTYMAQ» («Ынтымақ») партиясын кұру жайлы брифингімізден кейін саяси жағдайды бағдарлап жүрген көзі қарақты азаматтар мен қолдау білдіретін көптеген азаматтардан «Құрылатын партияның атауы неге «Ынтымақ»?» деген сауалдар көптеп түсуде. Осы орайда өз ойымды білдіргенді жөн санадым.

Болашақ партияның өмірге келуіне түрткі болған кәсіподақтар өкілдері мен еңбеккерлердің бүгінгі күнгі еңбек қатынастары саласындағы мұқтаждығын жақсартуды көздеген «YNTYMAQ» Үйлестіру кеңесі екенін жариялаған болатынбыз. Осы кеңестің атауын алып, кәсіподақтар мен жұмыс берушілер қауымдастықтарының ауызбіршілігін партия жұмысына өрістетуді жөн деп санадық.

«Ынтымақ» сөзінің орыс тіліндегі аудармасы – единение, согласие, содружество, солидарность. Мұнда біз партия мүшелерінің көзқарастарының, мақсаттарының, әрекеттерінің бірлігі, бүтіндігі туралы айтқымыз келді. Қазақ халқы “Ырыс алды – Ынтымақ” дейді. Біздің партиямыздың басты мақсаты – халқымыздың дәулетін, әлеуметтік әл-ауқатын арттыру, Қазақстанды бай, қуатты, біртұтас елге айналдыру, яғни еліміздің күшін, бірлігін, дәулетін, ырысын арттыру.

Осы жолда еліміздің әр саласының еңбеккерлері, кәсіпкерлер, қызметкерлер, әскерилер, құқық қорғаушылар, т.б. топтар мен азаматтар – бір азаматтық қоғам ретінде жұмыла еңбек ету керек. Біздің мақсатымыз да осындай белсенді тату қоғам құру. Ол үшін ынтымақ керек. Ынтымақ негізі идеологияда жатуы керек. Көп ұлтты ел болсақ та, осы ел мен жердің иесі де, киесі де – қазақ халқы.

Батыстағыларға біздің саясат түсінікті болуы шарт емес. Экономикалық, технологиялық жарыста алда келетін жапон мен кәріс мемлекеттері дамып келе жатқан кезде де, қазір де басқа ұлттарға түсінікті болғысы келмеді. Өз ұлттарының ерекшелігін мақтан тұтып, сол төңіректе бірігіп, өз ынтымақтарын жарастырып отыр. Сол идеологияларының арқасында «айшылық жерлерге күндікте» жетіп отыр ғой. Осы дамыған елдердің білімі мен технологияларын ұлттық мәдениетімен ұштастыра отырып, елдердің алдыңғы қатарына шығуда. Бізге керек дүниелерді «Алаш» партиясының идеологиясынан іздейік. Сол алаштықтар бізге қазіргі еліміз бен жерімізді жандарын қиып, алып беріп кетті ғой.

Алты алаш Қазақтың төңірегінде жұмылуымыздың тағы бір себебі – қазіргі уақытта батыста, орталықта, оңтүстікте үлкен кәсіпорындардағы жұмысшылардың 90 пайызы қазақ ұлтынан. Кешегі Қаңтар оқиғасы кезінде жан жақта наразылыққа шыққандар да қазақтар. Талаптардың бәрі қазақша болды. Алдағы бесжылдықта жастардың, оның ішінде экономикалық белсенді халықтың мөлшері еселеп артады. Ол жастардың 90 пайызы демографиялық өсімді беріп отырған титулды ұлттың өкілдері болады. Егер біз сол электоратқа жұмыс істемесек қателік болады. Сондықтан партиямыздың бастапқы атауы «YNTYMAQ» болуы тиіс деп ойлаймын.

Біз осы бос тұрған тауашаны басып, халықты ынтымағы мен бірлігі жарасқан, мәдениеті келіскен азаматтық қоғамның төңірегінде жұмылдыруымыз қажет.

Мейрам ҚАЖЫКЕН.

16.05.2022.