ПАРТИЯНЫҢ ТҰҒЫРНАМАСЫ

Партияның миссиясы

Партия тек бір көшбасшының иелігі емес, бұл идеологиялық партия. Партия азаматтық қоғам жетекшілерімен және қоғамдық институттармен ынтымақтастық құрады.

Партияның миссиясы – қуатты азаматтық қоғам құру және оның жасампаз күш-қуатына сүйене отырып, қоғамның барлық салаларында, атап айтқанда: мәдениетте, әлеуметті жүйеде, саяси және экономикалық жүйені жетілдіретін түбегейлі реформалар жүргізуге озық ойлы азаматтар мен озық қоғамдық ұйымдардың басын біріктіре білу.

Партияның қызметі – халықтың әртүрлі әлеуметтік топтары мен өкілдері (жалдамалы қызметкерлер, жұмыскерлер, кәсіпкерлер, шығармашыл интеллигенция, жастар және т.б.) қажеттіліктерін шешуге бағытталатын болады. Партия кез-келген пікірталасқа ашық және қоғамның сұранысына қарай өзгере алады.

Негізгі құндылықтарымыз

Еркіндік. Еркіндік – Адам үшін ең бастапқы құндылық. Еркіндік ұғымы көп қырлы болып келеді. Оған мынадай ұғымдар кіреді: таңдау еркіндігі; сөз еркіндігі; діни сенім еркіндігі; жүріп-тұру еркіндігі.

Құқықтар. Әрбір адамға табиғи және азаматтық құқықтар берілген. Ең маңызды табиғи құқық – ол өмір сүру құқығы. Азаматтық құқықтар заңмен қамтамасыз етілген. Құқықтарға Конституция және мемлекет кепілдік береді. Белгілі бір өмірлік қауіптерден кепілдендірілген мемлекеттік қорғауға және өз мақсаттарына жету үшін өз жоспарларын жүзеге асыруға әр адамның құқығы бар. Сонымен бірге әр азаматтың қоғам мен мемлекет алдындағы өз міндеттері бар.

Теңдік. Әлеуметтік, саяси және басқа да мәртебесіне қарамастан заң алдында барлық адамдар тең. Мүмкіндіктерге қол жеткізудің теңдігі дегеніміз – егер де белгілі бір заңмен белгіленбесе, ондай жағдайда бір адам басқа адамның алдында ерекше артықшылықтар алуға құқығы жоқ. Мүмкіндіктерге қол жеткізудің теңсіздігі деп – халықтың белгілі бір әлеуметтік топтарын қорғаудағы мемлекет тарапынан кепілді түрдегі атқарылатын шараларды айтамыз .

Әділеттілік. Заңдардың әділдігі және олардың мүлтіксіз сақталуы. Заңдардың әділдігі – мемлекеттің әділдігі. Әділ заңдар мен әділ мемлекет адамдардың өмірлік мүмкіндіктерінің әділ бөлінуін, сондай-ақ адамдардың түпкілікті нәтижелерінің әр-алуан теңсіздігін әділ анықтайды. Мұндай жағдайларда Адам табысы мен байлығындағы әділетті теңсіздікті мойындауы керек.

Қадір-қасиет. Адам жеке басы ретінде әрі жеке тұлға ретінде қадір-қасиетінің сақталуына лайық. Әр Адамның өмірдің жалпы құндылықтарына қайшы келмейтін, жеке бас құндылықтарына ешкімнің қол сұғуына және бұзуға жол берілмейді. Адам лайықты жалақыға, лайықты еңбек жағдайына және лайықты әл-ауқат деңгейіне қол жеткізуге құқығы бар.

Демократия. Демократия принциптері адам қызметінің барлық салаларында, қарым-қатынастарында және шешім қабылдауында қолданылады. Демократияның ең жоғарғы көрінісі – азаматтардың сайлауға және сайланбалы органдарға, сондай-ақ өз өкілдері арқылы еркін қатысуы болып табылады. Демократияның ең жақсы түрі – демократияға адамның тікелей қатыса алуы.

Идеологиямыздың негізгі параметрлері

Әлеуметтік параметрлер: халықтың өмір сүру деңгейінің жоғарылығы; лайықты еңбек табысы; лайықты әлеуметтік кепілдіктер мен трансферттер; лайықты еңбек жағдайлары; халықтың әлеуметтік осал топтарына лайықты қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін әділ әлеуметтік саясат; қолжетімді сапалы білім; қолжетімді сапалы медициналық көмек; жастарға өмірдің барлық салаларында, соның ішінде мәдениетте, ғылымда, спортта, саясатта және кәсіпкерлікте өзін-өзі жүзеге асыруға мүмкіндік беретін прогрессивті жастар саясаты; теңгерімді гендерлік саясат.

Экономикалық параметрлер: жеке меншікке қол сұғылмаушылық; өзін-өзі басқаратын кәсіпкерлік ұйымдар мен қазіргі заманғы экономикалық институттарды дамыту; адал бәсекелестікті қамтамасыз ету және олигархиялық бизнесті жою; жеке, шағын және орта бизнес мүдделерінің басымдылығы; ауыл шаруашылығын, өңдеуші өнеркәсіптерді және коммуникация инфрақұрылымын дамыту; халықаралық шарттарда ұлттық кәсіпкерлік мүдделерінің басымдылығы; ұлттық қауіпсіздік мүддесіндегі көпвекторлы сыртқы экономикалық саясат.

Саяси параметрлер: кең саяси бостандықтар мен құқықтар; Адамның өмірдің барлық салаларына қатысуының демократиясы; күшті азаматтық қоғам; халық алдында есеп беретін үкімет; көппартиялық жүйе және саяси плюрализм.

Біздің сенімдеріміз

Еліміздегі қоғамның мәдениетін жаңғыртусыз әлеуметтік, саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асыру мүмкін емес.

Еш нәрсе алдын ала белгіленбеген, сондықтан Адам өзінің еркіндігі мен құқықтарын қалай отырып, оған қол жеткізуі керек.

Құқық әрқашан жауапкершілікпен байланысты.

Демократияның ең дамыған түрі – Адамның әлеуметтік өмірге, саяси өмірге, экономикалық жіне т.б. әлеуметтік қоғамның құрылуына тікелей ат салысу демократиясы.

Барлық азаматтар мәртебесіне қарамастан заң алдында тең.

Әділ қоғамды заңға бағынатын азаматтар құрайды.

Экономикалық дамудың негізі – жеке кәсіпкерлік.

Біздің мақсаттарымыз

Партия өзінің мынадай басты мақсаттарын қояды:

– еуразиялық өркениеттің түп қазығынан бастау алатын өзіндік толерантты мәдениет дамытуға жәрдемдесу;

– табыс теңсіздігін төмендету және өмірлік мүмкіндіктерге қол жеткізу;

– әл-ауқат пен әл-ауқатты арттыру арқылы Адамның лайықты өмір сүру деңгейін қамтамасыз ету;

– өзінің қуатты өкілдік ұйымы бар заманауи бейімделген кәсіпкерлік құру;

– халықаралық аренадағы экономикалық егемендікке қол жеткізу.

Біздің басымдықтарымыз

1. Қазақстан халықтарының дүниетанымы мен прогрессивті дәстүрлеріне негізделген өзіндік заманауи мәдениетті дамыту. Атап айтқанда:

– этикалық тәрбиенің мәдени дәстүрлері, әрбір адамның даралығы мен бірегейлігін құрметтеу;

– демократия, таңдау және дін бостандықтары. Дін мемлекеттен тыс болу керек;

– ізгілікке тәрбиелеу;

– Қазақстанда тұратын этностардың мәдени және рухани құндылықтарын сақтау және арттыру.

2. Адамның бірегей үйлесімді дамуына ықпал ететін әлеуметтік даму саясатын әзірлеу және жүзеге асыру арқылы әлеуметтік жүйе моделін реформалау. Осы орайда басымдықтар келесі міндеттер шеңберінде белгіленген:

– қызметкерлер мен жұмыскерлердің лайықты жалақы мен лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету;

– барлық азаматтарға лайықты өмір сүру деңгейін, жеке тұлғаның және оның отбасының дамуын қамтамасыз ететін мемлекеттік әлеуметтік кепілдіктердің (стандарттардың) кең ауқымды болуын қамтамасыз ету.

Әлеуметтік даму саясаты барлық азаматтардың өз қабілеттерін дамытуға және де осы қабілеттерін өмірде жүзеге асыруына тең мүмкіндіктер жасауға бағытталатын болады.

3. Мына төменде көрсетілген саяси реформаларды жүргізуді қамтамасыз ету:

– партисипативтік демократия институты – азаматтардың саяси өмірге қатысу құқығы;

– қуатты азаматтық қоғам, оның ішінде қоғамдық ұйымдар туралы заңнаманы жетілдіру;

– әлеуметтік әріптестік институтын дамыту, сондай-ақ бипартизм институтын қалыптастыру – ортақ мүдделерді қозғайтын мәселелердің кең ауқымы бойынша жұмысшылар мен жұмыс берушілер ұйымдарының екіжақты диалогы;

– ең алдымен әділ заңдар жүйесін құру және оларды барлық билік органдары бұлжытпай орындау арқылы әділ құқықтық мемлекетті қалыптастыру;

– заңның үстемдігі – мәртебесі мен шығу тегіне қарамастан заң алдында барлығының теңдігі, әділ жазаның бұлтартпастығы;

– жергілікті өзін-өзі басқаруды демократияны жүзеге асыру және қоғамдағы тұрақтылықтың кепілі ретінде, барлық деңгейдегі әкімдерді сайлау;

– референдумда халықтың мүддесін қорғайтын стратегиялық шешімдер қабылдау, атап айтқанда, ЕАЭО, ҰҚШҰ сияқты халықаралық шарттарға қатысу және т.б.

4. Кәсіпкерлік пен оның ұйымдарына негізделген заманауи бейімделген экономиканы құру. Осы басымдық шеңберінде келесі міндеттерді шешу жоспарлануда:

– әлеуметтік әріптестік платформаларында саяси шешімдерді талқылауға және қабылдауға қатысу арқылы қолайлы бизнес-климатты құруға құқықтары мен ресурстары жеткілікті кәсіпкерлік ұйымдарды құру;

– кәсіпкерлермен кеңесу негізінде сыртқы экономикалық байланыстарды құру;

– жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың меншік иелерімен ортақтаса отырып табиғи ресурстарға мемлекеттік меншік ретінде азаматтар да жер қойнауындағы қазбаларды пайдалануды басқару құқығына ие болуын жүзеге асыру;

– шағын және орта бизнес үшін экономикалық ресурстардың (материалдық, қаржылық, интеллектуалдық) қолжетімділігін қамтамасыз ету;

– жер қойнауын пайдаланушы ірі компаниялардың қызметкерлеріне акцияларды кері сатып алу құқығын заңнамалық тұрғыдан бекіту, сондай-ақ олардың уәкілетті өкілдері арқылы корпоративтік басқару органдарына қатысу мүмкіндігне қол жеткізу.

Қорытынды ережелер

Тұғырнаманы жетілдіру мақсатында партия азаматтық қоғам жетекшілерімен және қоғамдық институттармен кеңесіп, жүйелі түрде ғылыми-зерттеу және қоғамдық іс-шаралар өткізіп, демократиялық ұстанымдарға негізделген шешімдер қабылдайтын болады.

YNTYMAQ – көшбасшылар партиясы!

Мыңдаған көзқарас, бірақ мақсат бір!

Бастамашы топ: info@mssi.kz