Біз, Қазақстан Республикасы азаматтарының бір тобы, «YNTYMAQ» Республикалық партиясын құруға ниет білдірдік.
Бұл бастаманы кәсіподақтар мен жұмыс берушілер қауымдастығының көшбасшылары, ғалымдар, запастағы офицерлер және ел тағдырына немқұрайлы қарамайтын белсенді әйелдер мен ерлер қолдады.
Болашақ партияның пайда болуына серпін берген «YNTYMAQ» Үйлестіру кеңесі, оның қызметі кәсіподақ өкілдері мен жұмысшылардың еңбек қатынастары саласындағы ағымдағы қажеттіліктерін жақсартуға бағытталған. Осы кеңестің атауын ала отырып, біз партиялық жұмыста кәсіподақтар мен жұмыс берушілер қауымдастықтарының бірлігіне жәрдемдесуді орынды деп санадық.
«Ынтымақ» сөзінің орыс тіліндегі аудармасы – единение, согласие, содружество, солидарность. Мұнда біз партия мүшелерінің көзқарастарының, мақсаттарының, әрекеттерінің бірлігі, бүтіндігі туралы айтқымыз келді. Қазақ халқы “Ырыс алды – Ынтымақ” дейді. Біздің партиямыздың басты мақсаты – халқымыздың дәулетін, әлеуметтік әл-ауқатын арттыру, Қазақстанды бай, қуатты, біртұтас елге айналдыру, яғни еліміздің күшін, бірлігін, дәулетін, ырысын арттыру. Ол үшін біз қуатты азаматтық қоғам құру ойымен прогрессивті азаматтар мен прогрессивті қоғамдық ұйымдарды біріктіруді және оның жасампаз энергиясына сүйене отырып, қоғам өмірінің барлық салаларын: мәдениетті, әлеуметтік, саяси және экономикалық жүйелерді жақсартуға үлес қосуды мақсат етіп қойдық.
Түрлі сала қызметкерлері, кәсіпкерлер, әскери, құқық қорғаушылар және азаматтардың басқа да топтары – біртұтас азаматтық қоғам ретінде осы бағытта еңбек етуде. Ол үшін ынтымақтастық керек.
Бүгін жаһандану, әлемдік дағдарыс, «қаңтар оқиғалары» жағдайында біздің мемлекетіміз жан-жақты тосқауылдарға тап болды. Елдегі жағдай мемлекеттегі тұрақтылықты сақтау және халықтың кедейленуіне жол бермеу үшін бүкіл қазақстандық қоғамның барлық зияткерлік, қаржылық және рухани күштерін жұмылдыру қажеттігі бұрынғыдан да кемеліне жеткенін айқын көрсетті. Біздің еліміз терең реформаларды, мемлекеттік басқарудың заманауи модельдерін, өңірлер мен өнеркәсіпті дамытудың жаңа модельдерін, капитал мен технологиялардың кең ауқымды ағынын, дамыған бизнесті, ғылымды, білім беруді, денсаулық сақтауды және ең бастысы – елдің қорғаныс қабілетін нығайтуды жедел түрде қажет етеді.
Біз өз еліміздің азаматтары ретінде шетте қалып, әрекет етпей отыра алмаймыз. Біз өз азаматтарымыз бен еліміздің болашағы үшін толық жауапкершілікті сезіне отырып, бірігіп, партия құруға бел будық.
Біздің басты арманымыз бен мақсатымыз – жаңа және гүлденген Қазақстанды құру үшін бүкіл қоғамды біріктіру.
Осыған байланысты, барлық жауапкершілікті түсіне отырып, біз мынадай басты бағыттарды – инвестициялық саясатты, шағын және орта бизнесті дамытуды, білім беруді, денсаулық сақтауды және елді қорғауды іске асыруға өзіміздің күш – жігерімізді шоғырландыруға ниеттіміз. Дәл осы бағыттарда мемлекеттің тұрақтылығы мен қауіпсіздігінің іргетасы қаланады.
Осы бағыттар бойынша жұмыс мынадай маңызды қағидаттарға негізделетін болады:
* сыбайлас жемқорлықсыз мемлекет;
* азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау және олардың әл-ауқатын арттыру;
* қызметкерлердің лайықты еңбек жағдайлары;
* дамыған бизнес, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы;
* сапалы білім, ғылым және денсаулық сақтау;
* дәрігерлер мен мұғалімдердің жоғары әлеуметтік мәртебесі;
* қамтамасыз етілген халықтың әлеуметтік осал топтары, зейнеткерлер мен көп балалы аналар;
* моральдық-адамгершілік, мәдени, зияткерлік және қаржылық жағынан қолдау тапқан жастар;
* елдің жоғары қорғаныс қабілеті.
Өз елінің көптеген лайықты азаматтары сияқты, әрқайсымыз азаматтардың өмірін жақсарту және мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін өз үлесімізді қосып, қолдан келгеннің бәрін жасаудамыз. Алайда, жалғыз және өздігінен мемлекетті көтеру мүмкін емес. Біз бірге күш біріктірмей, өзімшілдікті тастамайынша және қазақстандық қоғамның түбегейлі қайта құрылуын жүргізбейінше, барлық жасалған еңбегіміз бекер болады.
Тек бірге ғана біз жаңа және қуатты Қазақстанды құра аламыз!
Егер Сіздің көзқарастарыңыз біздікімен сәйкес келсе, егер Сіз қоғам мен мемлекеттің игілігі үшін жұмыс істеуге дайын болсаңыз, «YNTYMAQ» Республикалық партиясын құру мақсатында жиналған Бастамашыл топқа қосылыңыз!
Қатысушы болу үшін біздің партияның өңірлердегі өкілдерімен байланысуыңызды сұраймыз («Байланыстар» батырмасы).